Starlink – сенімсіз, қымбат немесе мүлдем қолжетімсіз болған жерлерде жоғары жылдамдықты кең жолақты спутниктік Интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін SpaceX орнатқан жаһандық спутниктік жүйе.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу қажет.
Бүгінде облыстағы барлық мектептер интернетке қосылған. Дегенмен, Интернет жылдамдығы барлық жерде ең төменгі талаптарға сәйкес келмейді.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп «Starlink» геостационарлық емес байланыс жүйесі базасында Қазақстанның орта білім беру ұйымдарының Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
20 Мбит/с жоғары интернет жылдамдығын қамтамасыз етуге техникалық мүмкіндігі жоқ 160 мектептің тізімі әзірленіп, келісілді. Барлық мектеп деректері Starlink жобасына енгізілген.
Интернетке осындай жылдамдықпен қол жеткізу мектеп мұғалімдері мен оқушыларының Kyndelik.kz электронды жүйесінде, Bilimland, Daryn.kz сынды білім беру платформаларында, ұлттық білім беру деректер базасында және т.б. ақаусыз және үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын азайтады.
Бастапқыда бұл жобаға облыс бойынша талшықты-оптикалық байланыс арқылы интернетке қосылудың техникалық мүмкіндігі жоқ елді мекендерде орналасқан 160 ауыл мектебі қосылды, облыстағы 3 мектеп жабылды (Теректі ауданы Ш.Оңашев атындағы БМ, Сырым ауданы Қазақстан БМ, Жәнібек Құрсай БМ).
Шекара аймағында орналасқан 33 мектепте (Бәйтерек – 12 мектеп, Бөрлі – 1 мектеп, Бөкейорда – 1 мектеп, Жәнібек – 6 мектеп, Казталов – 6 мектеп, Тасқала – 4 мектеп, Шыңғырлау аудандары – 3 мектеп) Starlink арқылы интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ, сондықтан бұл мектептерде интернетке бұрынғы қосылған технологиялар (ADSL, LTE, спутник) арқылы қалып отыр.
Бүгінде бұл мектептерде жылдамдықты арттыру бойынша провайдерлермен жұмыс жүргізілуде.
Қазірдің өзінде облыстағы 136 мектепте Starlink қондырғысы орнатылып, іске қосылды.